SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 11 маусым күні Астана қаласында «EXPO» Халықаралық көрме орталығында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен EXPOGOODS CENTRAL ASIA алғашқы Халықаралық Экспо-форумы ашылды.
«Бұл көрмеге Иран, Пәкістан, Қытай, Үндістан, Эстония, Латвия, Беларусь, Ресей және Қазақстан елдерінің компаниялары қатысып отыр. Барлық компаниялар болашақта келісімшарттарға қол жеткізуге және іскерлік байланыстар орнатуға ниетті. Іс–шара аясында салалық ритейл индустриясындағы маңызды жаңалықтардың бірі – Astana International Trade Forum өтеді. Форумда ішкі және сыртқы сауданы дамыту, сондай–ақ Орталық Азия мен Каспий өңіріндегі елдермен интеграция мәселелрі талқыланады», – деді ұйымдастырушы, «Mayer Expo Asia» компаниясының бас директоры Елена Миляева.
Іс-шараның ашылу салтанатына ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Голамреза Нури, ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Науман Башир Бхатти қатысты.
Көрмеде азық-түлік өнімдері, сусындар, биологиялық белсенді қоспалар, қонақжайлылық индустриясына арналған жабдықтар, үйге және интерьерге арналған тауарлар, ыдыс-аяқ, тұрмыстық химия, косметика, гигиеналық құралдар, демалысқа арналған өнімдер сияқты түрлі тауар түрлерін өндіретін 200-ге жуық компания өз өнімдерін ұсынды. Сонымен қатар, қатысушылар қаржылық, логистикалық және бизнеске арналған басқа да қызмет түрлерімен таныса алады.
Іс-шара барысында қонақтар отандық және шетелдік өндірушілердің өнімдерімен танысты. Сауда министрі Арман Шаққалиев әріптесіне отандық «Шин-Лайн» компаниясының балмұздағын ұсынды.
«Орталық Азия - экономикалық өсім мен өңірлік серіктестікті кеңейту тұрғысынан зор әлеуетке ие. Қазақстан – Батыс пен Шығыстың тоғысқан тұсында орналасқан сауда хабы. Елдер арасындағы тауар айналымы 7,6 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл сауда мен экономиканы әртараптандыруды дамытуға үлкен серпін береді. Соңғы үш жылда Қазақстанда онлайн сауданың көлемі 2 миллиард АҚШ долларынан асты. Электрондық коммерция мен халықаралық маркетплейстер елдің экспорттық әлеуетін кеңейтіп отыр», - деді министр Арман Шаққалиев.
Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Голамреза Нури климаттық және геосаяси өзгерістердің ауыл шаруашылығына және елдер арасындағы саудаға әсер ететінін айтты. Сонымен қатар, Қазақстан мен Иран арасындағы сауда байланыстарының жолға қойылғанын және Қытаймен де белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшісі Науман Башир Бхатти форумның сауда мен күнделікті тұтыну тауарларының (FMCG) болашағына қатысты тақырыбы өңірдің тез өзгеріп жатқан экономикалық жағдайында аса өзекті екендігін атап өтті.
«80 миллион халқы бар Орталық Азия жалпы ішкі өнім мен жан басына шаққандағы табыстың өсуі, сенімді электронды сауда платформалары, финтех-шешімдер және аймақтық байланыстардың жақсаруы – тұрақты экономикалық даму мен өсудің көрсеткіші. Бұл процестердің барлығында Қазақстан көшбасшы болып отыр. Сондықтан Пәкістан бұл өңірмен, оның ішінде Қазақстанмен серіктестікті кеңейтуге үлкен мән береді», - деді Науман Башир Бхатти.
ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь Қытай мен Қазақстан арасындағы сауданың соңғы сегіз жыл бойы тұрақты өсіп келе жатқанын және 2024 жылы рекордтық деңгейге - 43,8 миллиард АҚШ долларына жеткенін мәлімдеді.
«2024 жылы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы жалпы сауда көлемі 94,8 миллиард АҚШ долларын құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,4 миллиардқа көп. Қытайлық компаниялар Орталық Азияға инвестиция салу бағытын әртараптандыруда», - деді елші Хань Чуньлинь.
EXPOGOODS CENTRAL ASIA - Орталық Азия, ТМД, Таяу Шығыс, Азия және Еуропа елдері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды салалық алаңға айналуды мақсат етеді.